Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақтөбелік ұстаздар онлайн сабақта азғын сөздер көрсеткен адамның үстінен арыз жазды

Опубликовано:

Онлайн сабақтар
Көрнекі фото: astrakhanfm.ru

Ақтөбелік ұстаздар онлайн сабақ үстінде азғын сөздер жазылған хабарламаны полицияға тапсырды. Бұл жайт 7 қыркүйек күні №17 мектептің 6-сынып оқушыларына математика сабағы өтіп жатқан кезде болған деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

БАҚ өкілдеріне жағдайды баяндаған білім басқармасының мамандары бейәдеп сөздерді жазған адамның оқушы емес екеніне сенімді.

"Әлеуметтік желіде жарияланған сабақ барысында лас сөздерді айтқан адамның оқушы емес екені анықталды. Облыстық білім басқармасы жан-жақты іздеу жұмысын жүргізді. Сабақ кезінде оқушының атымен ZOOM платформасына белгісіз адам кірген.
Балағаттаған сөздер жазылған кезде мұғалім оны бірден платформадан шығарып тастайды. Ол екінші баланың атымен тағы да онлайн сабаққа кіреді. Қайталанғанда мұғалім ZООМ платформасын жапқан. Осыған қатысты полицияға арыз түсірілді",- дейді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлназ Мырзағалиева.

Ал төбеден жай түскендей болған қаладағы №17 мектеп ұжымы таңнан бері дүрлігіп жатыр. Ұстаздар мен ата-аналар арасында түсіндіру жұмыстары жүруде. Ал 6-сынып жетекшісі ата-аналардың кеше сабақ үстінде бірден дабыл қаққанын айтты.

"6- сынып оқушыларына сабақ түстен кейін болады. Математика сабағы кезінде ата-аналар бұл жайды бірден хабарлады. 33 оқушы қатысып отырған онлайн сабақ үстінде әртүрлі балағат сөздер жазылған.

Ата-аналар мен оқушылар арасында әңгімелесу өтті. Сонымен қатар, полицияға да хабар бердік", - дейді қаладағы №17 мектептің 6-сынып жетекшісі Юлия Юдина.

Аталмыш мектеп директоры платформаны жабық ұстамағаны үшін математика пәні мұғалімінің ескерту алатынын жеткізді.

"Математика сабағының мұғалімі зейнет жасындағы апай болған соң платформаны жабу керегін білмеген. Кірген адам сол сыныптың оқушыларының атынан бірнеше рет кіріп тұр. Мұғалім жазып отырған адамды қайта-қайта шығарса да, әртүрлі атпен кірген соң бағдарламаны жауып тастаған.

Негізгі тәртіп бойынша платформа жабық болу керек. Математика пәнінің мұғалімі үлкен кісі болған соң оны қалай жабуды білмеген. Жағдай орын алғаннан кейін мұғалімге ескерту беріледі", - дейді №17 мектептің директоры Амангелді Оңғарбаев.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін ақтөбелік ата-аналар онлайн сабақта балаларға порно хабарламалар жазылғанын айтып, дабыл қаққан еді.

Сонымен қатар елордада да онлайн сабақта порно көрсетілгені хабарланған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1873246-aktbelik-stazdar-onlajn-sabakta-azgyn-szder-zazgan-adamny-stinen-aryz-zazdy/

pixel